Қазіргі таңда «Астық Транс» АҚ паркінің теңгерімді тиеу жағдайында айына 7 775 вагон жөнелту мүмкіндігі бар. Оның ішінде Қоғамның 3 500 вагоны меморандумдар аясында отандық астық өңдеушілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында (оңтүстік бағытта) республикаішілік тасымалдарда қолданылуда. Тағы 1 300 вагон «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ-пен жасалған келісімшарт шеңберінде жұмыс істеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік міндеттерді орындап жатыр. Қалған парк бөлігі экспорттық тасымалдар бойынша компаниялар арасында бөлінген.
Өткізу нарықтарының әртараптандырылмауын ескере отырып, Орталық Азия бағыты бойынша айына 2 500 вагон жоспарланса, нақты өтінімдер орта есеппен 5 000 вагонды құрады. Сонымен қатар, қазан айында аталған бағыттағы тасымалдар жылдық орташа көрсеткіштерден 25%-ға артты.
Нәтижесінде Сарыағаш бағыты бойынша вагондардың мәжбүрлі түрде шоғырлану жағдайы қалыптасты. Өкінішке қарай, «КТЖ» ҰК» АҚ тарапынан өзге жүктемелерді шектеу, астық тиеген вагондарды бірінші кезекте беру сияқты қабылданған шараларға қарамастан, өзбек тарапы келіп жатқан вагондарды уақытылы түсіріп үлгермей жатыр. Бұл вагондардың өнімсіз қараусыз тұрып қалуына әкеліп, соның салдарынан Орта Азия бағытындағы вагон айналымы айтарлықтай ұлғайды.
Негізгі бағыттағы (жалпы тиеудің 70%-ы) вагондардың кешігуі өзге бағыттар бойынша да жалпы вагон айналымының ұлғаюына себеп болды. Жоғарыда аталғандарға байланысты қарастырылған тиелім ресурсы шектеулі екенін және қараша айына қабылданған өтінімдерді толық көлемде орындау мүмкін болмай отырғанын мәлімдеуге мәжбүрміз.
Қоғам қараша айындағы өтінімдердің бір бөлігін ағымдағы жылдың желтоқсан айына кейінге қалдыру туралы хабарлауға мәжбүр.
Сіздерден «Астық Транс» АҚ қызметіне тәуелсіз қалыптасқан жағдайларды ескеріп, астық жеткізу бойынша қолданыстағы келісімшарттарды пролонгациялау мәселесін қарастыруларыңызды сұраймыз. Өз тарапымыздан біз жылжымалы құрамның айналымын жеделдету, тасымалдар кестесін тұрақтандыру және қалыптасқан жағдайдың клиенттеріміздің жоспарларына әсерін барынша азайту үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатырмыз.
Біз бірлескен күш-жігер арқылы уақытша қиындықтарды еңсеріп, алдағы уақытта да тұрақты жұмыс істеуге болатынына сенімдіміз.
Дереккөзі: «Астық Транс» АҚ

